Әлемдік социологиялық кеңістіктегі қазақстандық социологтар: Мароккода өткен ISA форумындағы өзекті тақырыптар

 

Әлемдік социологиялық кеңістіктегі қазақстандық социологтар: Мароккода өткен ISA форумындағы өзекті тақырыптар

2025 жылғы 6- 11 шілде аралығында Рабат қаласында (Марокко) Халықаралық социологиялық қауымдастықтың (ISA) V форумы өтті. Бұл ауқымды іс-шараға 100-ден астам елден 4200-ден астам ғалым жиналды. Форум алғаш рет MENA аймағында және Африка құрлығында ұйымдастырылды, бұл жаһандық оңтүстік елдерінің академиялық өкілдігінің кеңеюін білдіретін маңызды белгі. Форумның басты тақырыбы «Антропоцен жағдайында әділеттілікті тану» социологияны тек әлеуметтік теңсіздіктерді талдауға емес, сонымен қатар әділеттілік ұғымына экологиялық және технологиялық өзгерістер контекстінде жаңаша қарауға итермеледі.

Антропоцен - адамның тұтыну тәжірибесі, әлеуметтік институттар, билік пен білім үлгілері ғаламдық үдерістерге басты ықпал ететін жаңа геоэпоха ретінде сипатталады. Сондықтан Форумда климаттық әділеттілік, институционалдық теңсіздік, құрылымдық зорлық, еңбек, білім және отбасы құрылымдарының трансформациясы сынды өзара байланысты мәселелер кеңінен талқыланды.
Қазақстан бұл форумда қоғамдағы өзекті мәселелерді қамтыған мазмұнды баяндамалармен таныстырылды. Бұл мәселелердің көпшілігі тек ұлттық қана емес, жалпыадамзаттық маңызға ие.

Ерекше назар аударуға тұрарлық – ҚПЗО директоры Гүлжан Алимбекова мен оның орынбасары Айжан Шабденова ұсынған «Single Parenting in Kazakhstan» атты баяндама. Бұл сапалы зерттеу қазақстандық қалалану мен дәстүрлі отбасы құрылымдарын қолдау дағдарысы жағдайында жалғызбасты ата-аналардың әлеуметтік-экономикалық бейімделуі мен күнделікті тәжірибелерін зерттеуге бағытталған. Талдаудың өзегі аман қалу стратегиялары, кеңейтілген отбасыға арқа сүйеу, бейресми байланыстар мен діни нормалардың (соның ішінде шариғат бойынша қиюлыған неке) ықпалы. Бұл баяндама мемлекеттік статистика мен ресми қолдау бағдарламаларында ескерілмейтін әлеуметтік осалдық тетіктерін ашуға социология қалай көмектесетінін көрсетеді.

Отбасы трансформациясы тақырыбы басқа қазақстандық баяндамаларда да көрініс тапты. «Қазақстандағы саяси трансформация жағдайындағы азаматтық қоғам» атты сессияда социология ғылымдарының докторы Сергей Коновалов өтпелі саяси кезеңдегі азаматтық қоғамның жай-күйін талдап, институционалдық шектеулер мен көлденең мобилизация мүмкіндіктерін саралады. Арсен Авсаткаринов пен Асланбек Амрин («El Umiti» қоры) ұсынған үй шаруашылықтарының білімге жұмсайтын шығындарына арналған зерттеу  білім беру теңсіздігінің өсуі мен сапалы ресурстар мен мектеп инфрақұрылымына қолжетімділік арасындағы байланысты көрсетті. Ал Әлия Сарсекеева, Сұлушаш Қазтаева және олардың әріптестері қазақстандық олимпиада бойынша баяндамасында ауыл мектептеріндегі оқушылардың әлеуетін ашуға мүмкіндік беретін табысты тәжірибелерді ұсынды.

Қазақстандық делегацияның тағы бір маңызды үлесі – социомәдени құндылықтар мен сәйкестіктерге арналған баяндамалар болды. Айгүл Забирова, Салтанат Ермаханова және Наталья Сейтахметова «Social Imprints of Political and Cultural Values. The Case of Kazakhstan» еңбектерінде тарихи түрде орныққан ұғымдар қазіргі саяси мінез-құлық пен қоғамдық көңіл-күйге қалай әсер ететінін көрсетті. Ал «How Kazakh youth sees the future?» сессиясында Серік Сейдуманов пен Зарема Шәукенова бастаған социологтар тобы қазақстандық жастардың үміттері, қорқыныштары мен бағдарларын кешенді түрде талдап, посткеңестік трансформация, цифрлық дәуір мен геосаяси белгісіздік жағдайында өскен ұрпақтың болашағы туралы маңызды мәселені көтерді.

Қазақстандық социологтардың баяндамалары тек эмпирикалық деректерге бай емес, сонымен қатар терең аналитикалық сипатқа ие болды. Олар жергілікті шеңберден шығып, мынадай іргелі социологиялық сұрақтарды талқылады: отбасы мен мемлекеттің институционалдық формалары қалай өзгеруде? Білім арқылы қандай теңсіздік түрлері ұдайы өндіріледі? Мәдениет, сәйкестік пен репрезентация жаһандық тұрақсыздық дәуірінде қандай рөл атқарады?

Қазақстандық зерттеушілердің мұндай халықаралық форумға қатысуы – отандық социологияның кәсіби деңгейін ғана емес, оның жаһандық ғылыми пікірталастарға қосып жатқан интеллектуалдық үлесін де көрсетеді.

ISA форумы – нәтижелерді талқылайтын ірі алаң ғана емес, сонымен бірге келешектегі социологиялық қауымдастықты қалыптастыратын, пәнаралық, әлеуметтік белсенді және қоғам алдындағы ғылыми жауапкершілікті алға қоятын орта. Антропоцен дәуірінің сын-қатерлері экологиялық қана емес, моральдық сипатқа да ие болған заманда, қазақстандық социологияның үні – дер кезінде әрі маңызды болды.

Бүгінгі күні Қазақстан социологиясы өзін халықаралық кеңістікте батыл, мазмұнды зерттеулер мен терең сұрақтар арқылы танытып келеді – ұрандар арқылы емес, зерделі талдау арқылы.

Халық даналығы айтқандай: «Білімдіге дүние жарық, білімсіздің күні ғаріп».

ISA форумында алғаш рет Қазақстаннан 25-ке жуық өкіл қатысты, бұл әртүрлі ғылыми қауымдастықтардан жиналған ең үлкен делегация. Бұл қазақстандық ғалымдардың халықаралық социологиялық форумға қатысуы тек академиялық интеграция ғана емес, сонымен бірге ағартушылыққа, өзін және әлемді социология арқылы тануға қосқан зор үлес. Бұл әлемнің артынан еріп қана қоймай, онымен қатарлас өз үніңмен және мағынасымен ілесу деген сөз.

 

​​Кері қайту

Комментарии

Оставить комментарий